Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  134


Автор: Ұлықбек Есдәулет

НАЗЫМҒА

Жаным менің,
қозым менің,
Назымым,
жолсыз түнде жанған темірқазығым,
жас басымнан жын жетелеп, жыр қудым,
жұрт алдында жоқ та шығар жазығым,
жан әкеңнің жанын ұқшы жабыққан,
жөн көрмейтін жазмыштың жазуын.
Өңімде әркім өзегімді пышақтап,
түсімде жүр аруақтар құшақтап,
жүрегім бар жартас сынды жай түскен,
жаншылсам да кеткенім жоқ ұсақтап,
мұңсыз,
мылқау,
меңіреу бір мергендер
көңілімнің көлінен кеп құс атпақ...
Қызым менің,
ізім менің,
Назымым,
қарлығашым,
талдырмашым,
нәзігім,
қол сұқпайын құзырына құдайдың
өзі білер — күнәһар кім,
қазы кім?
Өмір — бір күй:
өзегі — өрт,
сазы — мұң,
әкең — мәңгі мәңгірген бір мәжнүн...
қаға алмастан қатал тағдыр азуын,
қажыдым мен,
қажыдым мен,
қажыдым...
Қайда, қызым, жан сергітер әзілің?!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу