Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  145


Автор: Ұлықбек Есдәулет

НАСЫБАЙ ШАҚША

Сыбырды құдай естір деп,
Сабыр қып жүр ем жақ ашпай,
Сөзімді тыңдар ешкім жоқ,
Сауын айтсам да алашқа-ай!
Құлы боп бәрі ақшаның,
Түрі жоқ түкті ұтатын,
Түбінде жүрек — шақшаның,
Ар-ұят қалды бір атым.
Тондыға жауып кіл жала,
Тобықтан қағып тастадық,
Іргеде болса зілзала
Ырықпен аяқ баспадық.
Қайырым деген қазына
Түгесілгенде шым-шымдап,
Құдайға өкпе-базына
Айтамыз тіпті былшылдап,
Қашан біз халық боламыз,
Адамы азған ғасыр-ай?
Шақшаның түбін қағамыз
Бір атым іздеп насыбай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу