Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  85


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАЗАҚСТАН

Арыстандай айбаттым,
Жолбарыстай қайраттым,
Аспандаған байрақтым,
Қанша жұлдыз жайнаттың,
Қанша бұлбұл сайраттың,
Қазақстан, ардақтым!
Тұлпарыңның шабысын,
Домбыраңның қағысын,
Күңіренткен тау ішін,
Дарияңның ағысын
«Сүйем!» десем — бәрі шын,
Қазақстан — намысым!
Әрбір тасы — киелім,
Әр уығы — жүйелім,
Ән кернеген жүрегін,
Күй кернеген тиегін,
Сары алтыннан сүйегің,
Қазақстан — жыр елім!
Шаңырағың — шырағым,
Топырағың — тұмарым,
Ғаламда жоқ сыңарың,
Ғажайыбым, жұмағым,
Басы таза бұлағым,
Басылмайтын құмарым,
Қазақстан — қыраным!
Айың тусын оңыңнан,
Күнің тусын солыңнан,
Жұлдыз жансын жолыңнан,
Басыңа бақ орнасын,
Қыдыр болсын жолдасың,
Құдай сені қолдасын,
Қазақстан — көз жасым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу