Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  215


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МАҢҒЫСТАУ. ЗАМАНДАС

Әбіш Кекілбаев! — деген бұл есім,
алты Алашқа аса қымбат —
білесің,
жұтқан ауаң,
ішкен суың — біреу-ақ,
жер шарында қатар өмір сүресің.
Замандас боп жүргеніңмен мың жерден,
оған ерек дуалы ой мен тіл берген.
тауларда да болады екен
туған күн,
ол да алпысқа өзгелермен бір келген.
Бір ғасырға
бұрын туса — қайтер ек,
бір ғасырға
кейін туса — қайтер ек,
адамзатты жапырағымен желпіп тұр,
Маңғыстауда тамыр тартқан бәйтерек.
Күйіп-піскен
беу, қоғам мен үкімет,
сол үшін де Аллаға мың шүкір ет.
Кең сахара көпсіне ме суларын
дәл осындай бір дарияны күтіп ек.
Мұндай тұлға туа алмасақ —
кім болдық,
туғаннан соң қуанбасақ —
кім болдық?
Абай атам арманындай
Әбіш бұл,
Әуезовтың жалғасындай ұл көрдік.
Қазағымның елдігінің өлшемі,
Сарыарқадай кеңдігінің мөлшері,
Атыраудай пейіліне берген жан
Алатау мен Алтайымдай еңселі.
Атынан-ақ асқақтайды әр төбем,
биіктейді парасатым,
мәртебем.
Тереңдегі шыңыраудың суынан
шөліркесе сусындайды жарты әлем.
Шөлін басқан
президенттер мен абыздар,
бар бұқара бүткіл оған қарыздар.
барымызды бағалауды білмесек
бұл жалғанға келіп-кетіп неміз бар!
— Әбіш Кекілбаев! —
деген ұлы есім,
әулиедей жан екенін білесің,
әнбиеден медет күткен жарандар
басып кеткен ізіне кеп түнесін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу