Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  122


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Найзағаймен тілгіленген тастарың,
Жұлдыздармен шегеленген аспаның,
О, Ұлытау,
Ұлар үнді дастаным,
Маған қабақ ашпадың.
Жартастарың жарақатты жүректей,
Зымыраған ғасырлар-ай
қас-қағым!
...Тамған қаннан тас өртеніп барады!
Таңатұғын кім бар мынау жараны?
Талқан болды тоғыз көзді кіреуке,
Тарс айрылып дүниенің талағы,
Қарс жабылды қаралы аспан қабағы.
...Шүу, жануар,
Қу жаны бар иеңнің,
Мен үзілсем үзеңгіңді сүйер кім?
Сөзі емес бұл көзге шыққан сүйелдің,
Мен сертім мен сар сүңгіме сүйендім.
Күнім туса —
Ескі кегім оянып,
Керіскедей көк көбені киермін,
Тексіз жауға темірендей тиермін.
Еңлікгүлдер
Едігені емдесін,
Саралжындар
Сәйгүлікті жемдесін,
Сөнгім келмес
Сарайшықтың сыртында,
Сарыазбанға
Сүйегімді теңдесін,
Ұлар құстың
Ұясында өлейін,
Ұлытаудың
Ұшпасына жерлесін.
Мен жатайын бұлт қонақтап төсіме,
Өр кеудеме шығармайын өңгесін!
Сахарада
Сербет ішіп сағымнан,
Сарсадақтан сая таппай сабылман,
Сауырлы атты бұтқа тартып мінбен-ді,
Сарапшаңды сұлуларды
Сағынбан,
Бұғалықсыз буырлыштан асау ем,
Қапияда қирады ғой қабырғам.
Аса кәпір,
Кісәпір жау күрік бас,
Қанжығасы қанға қалай құнықпас?
Қарша борар қасиетсіз дұшпанға,
Қабірімнен тас-талқан боп құлыптас.
Ұрпақтарым ұмытса егер ұмытсын,
Қаным тамған Ұлытауым ұмытпас!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу