Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  84


Автор: Мәди Қайыңбаев

БАТПЫРАУЫҚ

Білмейтін беті қайтып, тосылуды
Баланың бар қылығы кешірімді, –
Көк жүзіне ұзаттым,
Жаздым-дағы
Батпырауық бетіне есімімді...
Өлеңменен жазылған кетті есімім,
Желбіреп, жалауы боп көк төсінің,
Елшісіндей ентігіп жеткен жерден
Нəзік бала назы мен өкпесінің,
Өлеңменен жазылған кетті есімім...
– Еһе-һей! Көрем десең далаға шық!
Əне... Əне... Биікке барады асып! –
Дедім, желмен жүгіріп жағаласып,
Шақырады мені үнсіз батпырауық,
Жалтылдап... ақша бұлтқа араласып.
...Жібін ұстап... жүгірдім талай белең,
Жүгіруге жүрегім жарайды ерен!
Айрылмай бақытымның арқауынан,
Көк жүзіне күн салып қарай берем...
Дертім болған, жанымды жеңген өлең,
Бұрын мұндай биікке өрлемеген!
...Даңқым кетіп барады көк жүзінде,
Ал өзім... жұртпен бірге жерде келем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу