Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  322


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

АРДАҒЫМ

Алтын ұяңнан алыстап кетіп барасың,
Аялап күткен көзімнің ақ пен қарасы.
Тағдырдың заңы жат жұртқа жазса, не шара,
Қыз болып тудың, ұлға бергісіз баласың.
Қайырмасы:
Қайырлыңның қалауы бол,
Отбасыңның алауы бол,
Ардағым!
Күлкі ойнасын жүзіңде шын,
Барған жерің «қызым» десін,
Жаққан отың үзілмесін,
Ардағым!
«Қыз бала – қонақ» дегенде көңіл босаған,
Орныңды тапсаң, жар болсын өзі жасаған.
Текті бір жердің қызы деп жүрсін сені елің,
Көңілің қосқан қосағыңменен қоса ағар.
Қайырмасы:
Шаңыраққа шуақ берсін,
Қиын шақта қуат берсін
Сыңарың.
Бәйтеректей бұтақты бол,
Жапырақ жай, ұрпақты бол,
Шынарым.
Ақ босағаның келіні болдың сен енді,
Естірте көрме «көргенсіз келін» дегенді.
Қадірлеп, сыйлап өмір-өзеннен өткізер
Анаңдай күтіп, сыйлап өт асыл енеңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу