Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  94


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Мендік көңіл мекен таппай мұздаған...

Мендік көңіл мекен таппай мұздаған,
Біз айрылған сол мекенге жүз барам.
Жылдар көші, мезгіл мұңды тербетіп,
Мен өзіңді әлдекімнен қызғанам.
Егесуге жаралған жан емес ем,
Сен ептесең, мен ештеме демес ем.
Көздің жасы буып жүрген шағымда
Кешіріммен қарамадың неге сен?
Сағат – уақыт сезіміме дем беріп,
Тәтті шақтар минутына тербеліп.
Түсіме еніп сол баяғы қалпыңда,
Жиырма беске ертіп кетші сен мені.
Түн тылсымның назын айтып тек күнге,
Бақ бұршағын өлеңіме төктім де.
Көзді байлап тарқатылған бұрыммен,
Бақытымды барымталап кеттің бе?
Тағдырым бар жыртығымнан жел емген,
Жазғырмаймын, жазмышыма көнем мен.
Тартылмаған сыбағамды салмақтап,
Тақ пен бақтың ортасында келем мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу