Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  84


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Қала, қала...

Қала, қала...
Таспен құйған сағым мұң,
Тас тамырлы тас төбеге табындым.
Шығып келе жатқан күнге сүйсінбей,
Мен даламды, кең даламды сағындым.
Үйлер, үйлер...
Бір-біріне мінгескен,
Қабырғалас көрші тағдыр бірге өскен.
Батып бара жатқан күнді көре алмай,
Айхай, дүние тұтқыны боп күй кешкем.
Мынау қала қашқыны боп туар күн,
Мен ауылдан келгеніме қуандым.
Тас үйлерден асыра алмай жүзімді,
Көкжиекке мойным созып суардым.
Мен білемін атқан таңның қандайын,
Содан болар күн татыған таңдайым.
Көкжиекті көрсем-ау деп дал болып,
Қарап едім, тасқа тиді маңдайым.
Терезеден талмаусырап сағым күн,
Мен ауылды, топырақты сағындым.
Беттеп едім шығайын деп далаға,
Есікті аштым, бір есікке соғылдым.
Айды айналып, арайланып атқан күн,
Менің барлық ғұмырым боп сақталдың.
Сағыныш боп түсіме енсе қайтеді
Көкжиекке шым-шым болып батқан күн?..
Тас көшелер,
Тасыр тірлік құрысын.
Аңсап жүрмін топырақтың тынысын.
Гүл егуге таба алмадым топырақ,
Сонда мынау тас тіршілік кім үшін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу