Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  176


Автор: Қайырды Назырбаев

ЕЛУГЕ КЕЛГЕНДЕ

Елуге – бір белеске шығам енді,
Бұла мінез амалсыз бұғады енді.
Жігіттіктің соңы осы болар бәлкім,
Екінші елу келмейтін шығар енді.
Мезгілдің қысы, күзі, жазы қалды,
Өмірдің көбі кетіп, азы қалды.
Жастықтың жайлауынан ел көшкендей,
Апырмай, кімге айтарсың базынаңды.
Елу жас қой өмірді ажарлатқан,
Секілді оқып біткен ғажап дастан.
Барды-жоқты қоржынға сықап алып,
Қайтып келе жатқандай базар жақтан.
Өзіне жарық көрер кезең келмей,
Мақаладай көп жатқан тез өңделмей.
Ағып-ағып арыны басылған соң,
Сабасына түскен бір өзендердей.
Аста-төк төгілмейді күлкім бүгін,
Кезім қап ойлайтұғын біркүндігін.
Желпілдеп, желкілдеуден қысылатын,
Байсалды боп қалыппыз, шіркін, бүгін.
Кезің жоқ бұзып кірер қамалдарға,
Белгілі-ау өз шамасы адамға да.
Кемел жас – кекселіктің алды екен ғой,
Енді оны мойындамас амал бар ма?
Отырмыз ойға қалып, жинап есті,
Тәртіпке алып жүрміз тура бесті.
Еске алып, үнсіз іштей сағынасың,
Жарқ еткен жай отындай жиырма бесті.
Өмір де бірқалыпты өзгермей көп,
Тып-тыныш күзгі бақты кезгендей боп.
Жинайсың шашыраған ойларыңды,
Қыстың да таяулығын сезгендей боп.
Ойланып, алдын-артын бағамдаса,
Түсініксіз жайлар көп маған да аса.
Тірлікте не көрдік деп жұбанамыз,
Тәңірің ғұмырыңды тәмамдаса.
Кім білсін, не көрсетер түлкі жалған,
Кім білсін, не шығады бір күн алдан.
Жайнаған жақсы күнді көріп кетсек,
Осы ғой, көкейдегі, шіркін, арман.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу