Өлеңдер ✍️

  11.06.2022
  109


Автор: Қайырды Назырбаев

Бар еді бір ақсақал мен білетін...

Бар еді бір ақсақал мен білетін,
Жағалап басшыларды кеп жүретін.
Кезінде көрім қызмет істеген соң,
Адам ғой деп ойлаушы ем жөн білетін.
Кім біліпті ақыл мен парасатын,
Жасын сыйлап әркім-ақ санасатын.
«Үлкендерге – құрмет» деген бар ғой,
Кім бар оған, әрине, таласатын.
Жөн-ақ шығар көп жайды білетіні,
Біліп тұрып өзгеге күлетіні.
Көзге оғаш-ақ кейде оның кез келгенге,
Жөнді-жөнсіз килігіп жүретіні.
Көптен ерек санайды қасиетін,
Болу керек бәрі оған бас иетін.
Оныменен санасып, кеңеспесең,
Сол болады басыңа тас үйетін.
Сол үшін де жүреді дерек жинап,
Сол үшін-ақ ізденер жанын қинап.
Мәселесін шешпеген бастықтарға,
Сес көрсетіп кетеді тулап-тулап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу