Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  74


Автор: Серік Тұрғынбеков

Жапа шеккен бір теңіз айдалада...

Жапа шеккен бір теңіз айдалада,
Кейістікті әкелер кейде адамға.
Айықпайтын бір дертке айналдың ба,
Емі-домы табылмас – бейдауаға!
Әншейінде шешенмін, сұңғыламын,
Қазір даусым қарлығып, қылғынамын.
Мың министр ойланып, миы қатып,
Қиналады бар ақын, күллі ғалым.
Айтшы, халқым!
Шынында кім кінәлі?
Соны бәрі білуге ұмтылады.
Жан дауысы шырқырап,
Қайран Арал –
Бесіктегі сәбидей бұлқынады.
Болғанменен бір күн дау, бір күн – егес,
Бұлт болмаса жаңбыр да сіркіремес.
Айдың – күннің,
Аптаның аманында –
Аман-есен қалмауың мүмкін емес!
Мүмкін емес жұтылып жоқ болуың,
Өзегіңді өртеген екше-мұңын.
ЬІзаланған кезімде қарашы бір,
Айтар сөзім алқымға кептелуін!
Шықпаса да күнде атым, күнде атағым,
Мен де өзімше бұлқынып тіл қатамын.
Жамағаттың жетпесе құлағына,
Жан даусымды кімдерге тыңдатамын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу