Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  189


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҰЛЫТАУ

Өткен күннің өрнегін кім ұғыпты,
Суы – зәмзам,
Тасы – асыл,
Гүлі құтты.
Ұлытау деп өзіңді атаған ба,
Халқым сенен күткен соң ұлылықты?!
Шерткен кезде осылай ғасыр дастан,
Сен тұрасың сырыңды жасырмастан.
Ұрпағына ұйытқы боламын деп,
Ұлытауда ел-жұртым басын қосқан.
Керек соның бәрін де жыр құптауы,
Өзіңбісің Ар тауы,
Бірлік тауы?!
Көріп қайтқым келеді мен өзіңді
Көбейіп бара жатса тірлік дауы.
Тұрғандайсың жыр жиып, өлең жиып,
Бір ғажайып сыр жатыр тереңде ұйып.
Қанша ірі,
Қанша асқақ көрінгенмен,
Басқа таулар бола алмас сенен биік.
Алғандай осы арадан әлем көрік,
Қалмайды бас имеуге санаңда ерік.
Жолаушы Ұлытаудан оралады,
Қайтқандай қарияға сәлем беріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу