Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  120


Автор: Серік Тұрғынбеков

ЗІЛЗАЛАҒА ЖЫР-НАЛА

1
Таулы мекен, гүл дала,
Жарасатын тұлғаңа.
Көз тоймайтын көркіңді
Жеткізе алар тіл ғана.
Жалғыз шығын сол ма екен,
Мыңдаған үй... бір бала.
Уа, тәңірі табиғат,
Береріңді бұлдама.
Кеткендейін лайлап,
Сезімімді үр жаңа.
Қайта-қайта қараймын
Қақыраған қабырға,
Мыжырайған мұржаға.
Аралайды қанымды,
Жаралайды жанымды
Зайсандағы зілзала.
2
Зайсан –
Жайсаң өмірім.
Өзгерткенде реңін,
Қапаланған көңілім,
Қатты соққан жүрегім.
Сыздағандай балтырым,
Мұздағандай білегім.
Көлге айналды көз жасым,
Тауға айналды тілегім.
Бір бұрышы дүниенің
Құлатқандай тіреуін.
Таңырқадым сұмдыққа,
Жабырқадым, жүдедім.
Жалғыз ғана осы ма
Жан азабың, Ұлы Елім?!
3
Барады үдеп Зілзала,
Ұдай да ұдай, ұдай күн.
Алапатына Алланың,
Құдіретіне Құдайдың
Тіл қата алмай жылаймын.
Алдырған соң ажарын,
Қалдырған соң базарын
Киелі Жер ғой қашаннан
«Көрдің бе мені?!» дегендей,
Көрсеткен шығар бұ да айбын!
Бүгін бе, ертең болар деп,
Ойлады дейсің бұлай кім?!
Тұлан тұтып тал түсте,
Мұқалдым да мұңайдым.
Тағдырдың төзіп кәріне,
Сен үшін шыдап бәріне
Қаражатымды құраймын,
Аманатыңды сұраймын,
Шығыста жатқан Шырайлым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу