Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  93


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ТОҒЫЗЫНШЫ МАМЫР

Соғысқа сол кінәлі, мол-ды ылаңы,
Жердегі фашизмнің соңғы дағы –
Берлинді бауырынан жарап келген,
Сегіз мың самолет кеп бомбылады.
Кебіні свастика желбіреткен,
Рейхке үкім айта келді көктем.
Сан түрлі калибрлі, сөзі – біреу,
41600 зеңбіректен.
«Катюша» шақпағынан жарық әлі,
Өртенген кварталдар қаңырады.
Ортаға опырылып түсті ақыры,
Бетонды фашизмнің шаңырағы.
Парижден жазып шығып түсте басын,
Кешкісін Варшавада ішкен асын,
«Бәріне, бәріне ерік берілгендер»
Берілді еріксізден күшке басым.
Бір-бірін сүйіп, құшып жатты құрбы,
Жандар да үйі күйген қатты мұңлы.
Бұл күні мұхитта да, құрлықта да,
Адамның бөркі аспанға лақтырылды.
Бұл күні атмосфера көркіндей боп,
Аспанға салют шығып, төркіндейді от.
«Жеңдік!» – деп қуаныштан лақтырылған,
Ақ ниет адамзаттың бөркіндей көп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу