Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  225


Автор: Серікжан Қажи

 Намаз

 «Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» Абай


  Жүр бауырым мешітке, бас ұралық сәждеге,


Арылайық күнәдан,  пенделігім аз деме.


Сын-сынақта ақырғы, қияметтен ап шығар,


  Иманына кәмілдік, сауапты істер  өзге де.


 


Жасалық та  құлшылық,  жақындалық Аллаға,


Бар ғаламды уыста ұстап тұрған сол ғана.


Бұл жалғанда бес күндік ластандық, кірледік,


Бес  парызды орындап, келелік біз Таубаға...


 


Асығайық Намазға,   жасайық  біз  құлшылық,


Ақыретті ойлалық,  алдамасын Тіршілік.


Қабіріміз – тар лақат,  жабылғанда  есігі,


Аһ ұрмалық өкініп,  жүргенмен құр  дүрсініп.


 


Тиылайық күнәдан,  қам жасалық ертеңге,


Қия бассаң Алланың алдаспаны   желкеңде.


Арсыздықтан ада етер, жаның ғажап жай табар,


Қалқаның  да  бұл Намаз, тозақ оты – өртерде.


 


Кір-тозаңнан аластар,  айықтырар дертіңнен,


Рухыңның азығы ол, адастырмас сертіңнен.


Аманаты   Алланың кеудеңдегі  жаныңды,


Тапсырарда тіліңді кәлимаға келтірген.


 


Ризығың молаяр, береке енер ісіңе,


Ғажап ғұмыр кешесің кірмеген бір түсіңе.


Бар пендені сүйесің, тіл-діліне бөлместен,


Жаратқанның құлдарын,  жасы үлкен бе, кіші ме.


 


Періштелер иығыңда, сайтан қашар қабарып,


Алпыс екі тамырың  бүлкілдейді жаңарып.


Құдіреті Алланың,  жаның табар рахат,


Бойыңдағы үрей мен беймазалық жоғалып.


 


Шүкір, сабыр, қанағат, жақсылыққа ниет кең,


Бар әлемге қарайсың адал, ғашық жүрекпен.


Бас қоясың сәждеге,  Рухтанып тұрасың,


Жаратқаннан құтқар деп бар қауымды түнектен.


 


Солай достым, Мешітте бар ғаламның байлығы,


Пайғамбардың үмбеті, сап түзейді айбыны.


Мәңгіліктің алдыңнан шуақ шашар Ай, Нұры.


Кең құшағын өзіңе Жаратқан да жайды ұлы.


 


 


Жүр бауырым,  Мешітке, дәретіңді ал, ғұсылдан,


Жаратқанға мың алғыс, жүрекке нұр ұсынған.


Құлдарымыз –  Алланың, Пайғамбардың  –    үмбеті,


Лә иләһә иллаллаһ ... әлімсақтан мұсылман...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу