Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  224


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Діндарша өтірікке ерік бермен...

Діндарша өтірікке ерік бермен,
Жан емен шындықтан да жеріп көрген.
Құдайды көргенім жоқ, көрдім бірақ,
Кісіні құдайды да көріп келген.
Күніге құлағымда ақылды үні,
Жаңа өлең содан туып жатыр, міне.
Ол жанның әкімдігі менен биік,
Және де биік менен ақындығы.
Басымнан алуан-алуан әлем көшіп,
Түн ауа ашып жүрмін әзерге есік.
Әйтпесе, құдайақы, қарсы емеспін,
Қайтуға құдаймен бір сәлемдесіп.
Табанын тасқа құлдар тіле жүре,
Жүз тонна қола әкелген бір өзіне...
Металлдан жаралғасын еттен емес,
Салмақты көрінеді мінезі де.
Ниетін, мақсатын да теріс ұғып,
Мұхиттан арсы-гүрсі бері шығып,
Құдайдың баспанасын әкетіпті,
Атеист тайфун дейтін жел ұшырып.
Ақылы бізге әкелген нелер өлең,
Атамыз асқақ бол деп шегелеген.
Құрметті жапондықтар, сондықтан мен,
Иіліп, бүгілуге шебер емен.
Жақсы ғой аспанды да көрсе түнгі,
Оңайлау туристер де келсе түрлі.
Сондықтан қола құдай төбесіне,
Баспана орнатпау да жөн секілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу