Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  97


Автор: Жұматай Жақыпбаев

«Одан аздап өлең қалды, күй қалды...

«Одан аздап өлең қалды, күй қалды,
Жан беру де оңай емес. Қиналды.
Сенің бала көңіліңнің жыршысы,
Өліп қалды. Болсын байғұс иманды».
Осыны айтып қуанышсыз, зар-мұңсыз,
Тірі өлікше кешіп едім қарды үнсіз...
...Сенсіз өмір – елсіз өңір екен ғой,
Жан толқытар жақсылығы мардымсыз.
Құдай дана қиыстырған қиыннан,
Сен бір әнсің қасы-көзі қиылған.
Аппағым-ай, саған айтар сөздерім,
Аузыма бір түспей қойды-ау миымнан.
Сенде де бар, менде де бар бір өкпе,
(Өмір-еке, оны ешқашан жүдетпе)
Сені көрсем, көзге айналдым тойымсыз,
Тұла бойым айналады жүрекке.
Бірталайы жоқ демесең тісінің,
Құдай ақы, Ромеодан кішімін.
Қызғаныштан қырт боп кетті демесең,
Сол баяғы саған ғашық кісімін.
Мәжнүн боп кетпейді деп сау адам,
Саған мені қимай қойды Хауа-Анам.
Сүйсем бе екен өліп-өшіп күн-түні,
Сенен артық қыз жасап ап ауадан?!
Ұшып жетер – келші десең болғаны,
Ондағыдай мені аймалар қол кәні?
Ауадан қыз жасар едім, қорқамын,
Сенен аумай шығады-ау деп ол-дағы.
Енді маған несіменен кім ұнар,
Таңғы шығым, тал мүсінім тілі бал.
Саған деген махаббатым,
Мың жерден,
Мен өлсем де өлмейтұғын түрі бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу