Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  137


Автор: Жұматай Жақыпбаев

НҰРЛЫ БАҚТА

1
Салқын бақта гүл сөйлейді көк үнмен,
Ақ көбелек жайында әсем сыр айтып.
Жасыл шашы кеудесіне төгілген,
Жалғыз аяқ ақ қайыңды мұңайтып.
Құрымдайын құбыланың бұлты ұнап,
Шөлдеген шөп өлең айтты не түрлі.
Хош иістер кетті лезде бұрқырап,
Көрінбейтін сұлу өткен секілді.
Ара байғұс гүлге мінген өлі мас,
Вертолеттей сынып қалған жүр әлі.
Жалт-жұлт етіп жоңышқалар әлі жас,
Алтын гүлін жалбызға кеп ұрады.
Саусағымен бірнеше жүз гүл іліп,
Күйлер шертіп нәзік қана дірілмен,
Көк шалғынмен самал өтті жүгіріп,
Сүлеймендей су бетімен жүгірген.
2
Осы кезде тіл ұғатын құс керек,
Құс байғұсты жұмсайтын жер бар әлі.
Ақын жатыр бір тал шөпті тістелеп,
Жүрегі де жүз жерінен жаралы.
Күн еңкейді, көлеңке де ұзарды,
Көк торғыны қоюланған тоғай –бақ.
Жыланшықта бірге болған қыз әлгі,
Жақсы кеуде жатыр қазір сені ойлап.
Ауылыңа барар едім баппенен,
Адамдар бар алыстан-ақ танитын.
«Сағындым» деп айтармын-ау, әттеген,
Үргізем-ау бір аймақтың бар итін.
Жолдай да алмай қор болдым-ау бір сәлем,
Жұрт естиді, айтар едім асыл ән.
Тіл ұғатын құс болса ғой – жұмсар ем,
Қанатыңмен сипап кел деп шашынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу