Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  96


Автор: Жұматай Жақыпбаев

КӘШІМІРДІҢ ШӘЛІСІ

Ару білер көз арбаудың әдісін,
Сүрме тартса әр береді шырайға.
Құрбың салса Кәшімірдің шәлісін,
Менде жоқ деп нәзіктікпен мұңайма.
Көз қарасын тек қас сұлу бұлдайды,
Жанарыңды бері қарат жалынды.
Тұт ағашын жеген құрттай бір қайғы,
Жегідей жеп кетті-ау менің жанымды.
Көрсетші бір күлетінін күн қалай,
Жымимасаң ақ нұр кетер азайып.
Жібек құрты шығаратын пілләдай,
Менен қайғы үн шығарар ғажайып.
Сені көріп құба талдай иілген,
Танытқым кеп шеберлік пен тегімді.
Хас устодай
пілләдан жіп иірген,
Жаным, ойым бір қиялға берілді.
Ол да сенің сұлулығың арқасы,
Көңіліме көшкен байлық оралар.
Алтын басың аман болса, тартасың,
Жібек үннен тоқылған бір орамал.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу