Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  100


Автор: Жұматай Жақыпбаев

СҰЛУТӨБЕДЕГІ КӨКПАР

Адуын қайсар мінез, темір білек,
Шыдамай кей жігіттер шайқас тілеп.
Додаға тайсақтамай тез кірсін деп,
Ысқыртып атты бұтқа алды білеп.
Қағысып астындағы жылқы малы,
Көкпарға тебініп жұрт ұмтылады.
Тақымға орай басып тартқан кезде,
Көк еті көк серкенің жыртылады.
Жұлқынып пырақтар да күш қылады,
Келгендей ту аспанға ұшқылары.
Сатырлап сауырынан қамшы тисе,
Тұлпарлар тұяқ тіреп ышқынады.
Жігіт пе атқа топты жарғызбаған,
Әнеки, көкпар кетті андыздаған.
Дүркіреп тартып берді қуып соны,
Қала ма мұндай кезде қан қызбаған.
Жайлаудың айқай басып ойы, көгін,
Бұл көкпар алып кетті той ілегін.
Жығылып жатсын адам қарамаған,
О, көкпар, өр халқымның ойыны едің.
Дода боп әдет жанды қысты ма екен,
Қасиет қанға сіңген ыстық екен.
...Көкпарда қазақ өзін сынайтұғын,
Әйтпесе, көк серкеңіз ныспы ма екен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу