Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  125


Автор: Жұматай Жақыпбаев

КҮЗГІ АУЫЛДА

Май қатар болды барлық күн,
Байқатар құс жоқ ізгі үнді.
Табиғат атты хандықтың,
Тағына кәзір күз мінді.
Жер жырту ұнап тобырға,
Желпіне ұшып ызғарда,
Соқаның әрбір соңында,
Тіркеліп жүр-ау жүз қарға.
Аңызға – бидай жұртына,
Автолар кеше таптаған
Ақтылы қой да, жылқы да,
Андыздай өріп, қаптаған.
Сұр бұлттан моншақ тамшылап,
Созылса сулы жібі де,
Кеусенін жиған саршұнақ,
Кетеді сіңіп ініне.
Лай да жаздай қоса аққан,
Егісті кешкен желкілдеп.
Мұраптар басын босатқан,
Өзендер тұнды мөлтілдеп.
Аспани аппақ жабағы,
Бояуды басқа таба алмай,
Шыңдардың әппақ қабағы,
Соғысты көрген адамдай.
Ақ күміс жерге жалатса,
Асықты дей бер алға күн.
Білтелеп қана таң атса,
Білмейсің кеш боп қалғанын.
Көшенің аппақ шаңынан,
Жасқана басып кеш кірсе,
Мазасыз клуб маңынан,
Музыка даусы естілсе,
Амал жоқ, әйтеу төзесің,
Бағатын сені жүз барда.
Асыға ұрттап көжесін,
Асықты інім қыздарға.
Жүрмейсің ызғып сен түнде,
Жұлдыздар сәуле құйғанда?
Қосылып шал мен кемпірге,
Қарайсың теледидарға.
Қобдидың көкшіл отына,
Қарайсың оймен бір қалың,
Өзіңмен бірге оқыған,
Жігіттің не деп тұрғанын.
Самсайды көзге отты үй көп,
Сәулелер жұғып бар маңға.
Айырмен жұпар шөп түйреп,
Алаяқ атқа салғанда,
Самалды жұтып ұйқы ашам,
Ашылса түннің құшағы.
Атыңды келіп сипасаң,
Жап-жасыл ұшқын ұшады.
Шылымға қанып алғасын,
Қарайсың оймен көк көлге.
Арыққа соғып арбасын,
Жөтеліп біреу өткенде;
Ғашық боп осы далаға,
Басына мұңды түрлі ой кеп,
Бір досың сонау қалада,
Трамвай күтіп тұр ғой деп;
У-шулы жерді мекендеп,
Сағыныш буса бір керім.
Жағдайы қалай екен деп,
Жәйіңді ойлап жүргенін:
Әуелеп шырқап әнді үздік,
Жүретін, досым, біл сен де:
Ақын деген – жалғыздық,
Бәрібір қайда жүрсең де.
Өтпес-ау көктем, бекер күз,
Тақпасын деп те саған мін,
Бейнесін беріп кетерміз,
Біздерді көрген заманның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу