Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  93


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ТОЙ. САРЫЖАЙЛАУ

«...Той қылған көпке інінің ерлігі дұрыс,
Көмектеп, көптеп көрсетер елдігін де ұлыс.
Риясыз думан өткізу ендігі бір іс»,–
Осыны ойлап сақалы, белдігі күміс –
Жол жорға мініп, келеді жазулы хаттар –
Тәкаппар, шешен, бөрідей азулы қарттар
баяғы...
Атшабар бала, оны да ел келісіп апты,
Зар күйі осы, бұл тойға келісі бапты.
Құндыз түктеніп, құлпырмай терісі қапты, –
Шапқан ат жетпес, екпінді, желісі қатты.
Кекілін түйген, қаншырдай, жанары жайнап,
Шеки де басып кермеге барады бәйге ат
баяғы...
«...Атасы өстіп той қылса, күйлері келсе,
Көкпар да берсе күніге, үй болып елше», –
Арманы жалғыз – арманға үйленіп өлсе...
Бастарын гүлше шайқайтын сүйгенін көрсе,
Ультра күлгін сәуледен жарылып кеткен
Беттерін басып, қыздар жүр сағынып көптен
баяғы...
(Киношы бейғам мұндағы – шыңдағы жайдан,
Қырғыздар құсап тау даңқын кім, кәні, жайған?!)
Атағы шығар көкпарда – ұлдары жайраң,
Алты ауыл бүгін шалғынға сырмағын жайған.
Мәскеудей тасып, қанжайлау Арбатша қайнап,
Аңғарға атты ел сыйғызды қалмақша байлап
баяғы...
«Сөреге тарттап!» кісіден айдала қайнап,
Қалады қазір бұзылмай шайда да қаймақ.
Қаптайды дүсір, желкілдеп айнала – байрақ,
Аршалы жаққа тобымен айдалар бәйгі ат.
Күй болар еді келісті – аттың кеткені,
Сарыжайлауға жетпей тұр Тәттімбет қолы
баяғы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу