Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  119


Автор: Ақылбек Шаяхмет

АЛҒЫС ПЕН ҚАРҒЫС

Еріншеке кез болдым,
Аяп кеттім байғұсты.
Əлгі жалқау, бар болғыр,
Жаудырды-ай кеп алғысты.
Маскүнемге тап болдым,
Оны қандай жын қысты?
Əлгі маған тап беріп,
Ағытты-ай кеп қарғысты.


Сырқат жанға жолықтым,
Дəрі ішті де, қан құсты.
Пайдам тиіп, соны ұқтым,
Алдым тағы алғысты.
Арамдарға жұмсадым
Бойымдағы бар күшті.
Енді кімге ұрсамын?
Олар айтты қарғысты.
Не де болса көндігем,
Тек осыдан ұққаным.
Байқар болдым енді мен
Қай ауыздан шыққанын.
Ізгілікті ұмытпас
Жан жылуы бар кісі.
Маған қайғы жуытпас
Жамандардың қарғысы.
Біреу мені күлдіріп,
Біреу мені мұңайтты.
Кімдер білмей, кім біліп,
Қалай айтты, кім айтты?!
Талай сыннан өткізер
Жаным күйген қарғыстар.
Жақсылыққа жеткізер
Арым сүйген алғыстар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу