Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  125


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Білмейсің кім күлерін...

Білмейсің кім күлерін,
кім жыларын?..
Қалмапты айналамда
сырды ұғарым.
Адасып ақ тұманның
арасында,
Жаулығын жамылады жыр мұнарым.
Тұратын
көңіл қайда күйге тұнып,
желіге
құлыншақтай үйретіліп?!
Өткен шақ өткелінен
барады өтіп,
Етегі шапанының
сүйретіліп.
Өкініш
өгіздейін өкіреді,
Күйікке
қарс айырылып көкірегі.
Қиялым
көңілге кеп қонақтайды,
Өмірде
қалмағандай өтінері.
Басынан
баянсыз бақ безінгендей,
боздайды
бозаң дала боз інгендей.
Сары күз
салихалы сауығынан
шаршап кеп,
қылаң қырда көз ілгендей.
Жатқандай өмір жылап,
көңіл күліп,
Кеуденің
көмбесіне көмілді үміт...
Жырларым
жыл құсының қанатында
Барады,
тәтті күнін төгілдіріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу