Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  89


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қайрай-қайрай тісім де мұқалғандай...

Қайрай-қайрай тісім де мұқалғандай,
Үйкей-үйкей жүйкем де жұқарғандай.
Сай сүйегім сынардай сықырлайды,
Борша-борша отын боп бұталғандай.
Қайнай-қайнай қаным да суалғандай,
Ойлай-ойлай миым да қуарғандай.
Ызыңдаған масадай мазасызбын,
Ұрпағыма алдан күн туар қандай?!
Соға-соға жүрегім шаршағандай,
Жанашыры жоғалған жан салардай!?
Алпыс екі тамырым әлсірейді,
Тіршіліксіз тыныштық аңсағандай.
Өкпем өшіп,
өмірге өкпелейді,
Көкіректен запыран төкпелейді...
Үндемеймін,
Тіл-аузым тасқа тиіп,
жарылса да жүрегім от мерейлі.
Айыр тілім жыландай ысқырады,
Көтерілген түспей тұр ыстығы әлі.
Айтатыным құмығып көмейімде,
Отыз тістен шыға алмай қыстығады.
Тайғанақтап табаным тас арнадан,
Қиын екен ауызды аша алмаған.
Қарысқан жақ көкбөрі мойынындай,
Қасаң тірлік – балбалдай қашалмаған.
Сауысқанға сауырын шоқытпаған
қайран бабам,
сан өрттен өтіпті аман!!!
Сақау,
соқыр,
саңырау Отанымның
отбасынан омалған опық табам...
Қан қалған жоқ тамырда тотықпаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу