Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  85


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ақын көңіл

Ақын көңіл,
қайтейін күлемін де,
Қожанасыр жоқ сендей бұл өмірде.
Бірде кедей,
бірде бай болсаң-дағы,.
Күйкіліктің табы жоқ жүрегіңде.
Құдіретті,
қуатты күшің неде?..
Пәтуа жоқ бастаған ісіңде де.
Жайып тастап желкенін жырларыңның,
Өлең оқып жүресің түсіңде де.
Сыр ашасың сайтанға,
сайқалға да…
Аяқ артып тайға да,
байталға да.
Кісінесең жұлдыздар арасынан,
Аузын ашып аңырар Ай таңдана.
Сыңар аққу сазымен сұңқылдайсың,
Самалынан сезімнің сыр тыңдайсың.
Құшағында жүресің кейде көптің,
Кейде жалғыз…
Жайлаудың жұртындайсың.
Ақын көңіл,
дуана, бақсыдайсың,
Бақ сұрамай,
өлеңге тақ сұрайсың.
Көйлек жыртық болса да,
көңіл бүтін,
Алдында да Алланың апшымайсың…
Ақын көңіл,
күнәсіз бақсыдайсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу