Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  110


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

БƏЙТІК ТАУЫНА

Атымды қойған Бəйтік деп,
Əкеме менің жоқ өкпем.
Жауынан алар қайтып кек,
Омыртқадан оғы өткен.
Ат қойған маған Бəйтік деп,
Анама айтар жоқ өкпем.
Жорықтағы аты əйдік көк,
Сардардың сенен жолы өткен.
Аң менен құсқа, адамға,
Болмаған бір де жатырқау.
Əйгілі атың ғаламға,
Армысың, алтын батыр тау.
Жоққа да көніп, барлыққа,
Сал-серідей ерке өсіп.
Сауытты салып сандыққа,
Жатырсың ба, бел шешіп?!
Төбемде ойнап жасының,
Ақ жалын шашар тілімнен.
Мен де бір бөлшек тасыңмын,
Нысанаға тігілген.
Толғанды екен қарт қанша?
Ат қоятын кезеңде.
Бойы бұған тартпаса,
Ойы тартсын деген-де.
Жоқ ол жайлы мол ақпар,
Шүкірлік ат бергенге.
Қияңа кеп қонақтар,
Қыран болсын деген бе.
Жоқ ол жайлы мол ақпар,
Тамыры оның тереңде.
Жылдық жолды айда аттар,
Құлан болсын деген бе?!
Рақмет данаға,
Ырымдаған еліме.
Ертіс туған балаға,
Есім қою тегін бе?!
Жондарыңда жортады аң,
Түйе киік боздаған.
Арқар ауса арқадан,
Қойныңа кеп қоздаған.
Бұлттап бір кез аспаным,
Бастан өтті, нелер кеп.
Қиянатқа баспадым,
Атыңа дақ келер деп.
Ұмытпадым мен сені,
Тұрса да жанды алам деп.
Түсірмедім еңсемді,
Сен кəрленіп қалар деп.
Ұлы таудағы ұлылық,
Үмітімді үзбедің.
Сан өліп, сан тірілдік,
Көктем болып үйге ендің.
Жақсыларға жақтас боп,
Өтті-кетті өжет күн.
Тауым саған аттас боп,
Жасағанға не жетсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу