Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  102


Автор: Ботакөз МҰХИДЕН

СЕРТ

Інжу-маржан жинадым тереңге еніп,
Жүрек боп дүрсілдедім өр елде нық.
Алай-дүлей жауынды келем көріп,
Өмірге келгеннен соң өлең болып.
Шабытымның жақсам да шамшырағын
Қанат сынып кей кезде қансырадым.
Асылдың өзі болып жүрмесем де,
Ғасырдың жасы болып тамшыладым.
Жазықсыз тарттым кейде жала таяқ,
Кей кезде от та бастым жалаң аяқ.
Арқамды ауырларға тосып жүрдім,
Гүлдей нəзіктігіме қарамай ақ....
Маған серт – ар жолында сүрінбеуім,
Маған серт – жағымпазға үгілмеуім.
Маған серт – еңістерде еңкеймеуім,
Маған серт – қыл үстінде бүгілмеуім.
Батпандай қайғы-мұңға батсам дағы,
Шарықтаймын құс болып аспандағы.
 Маған серт – дұшпандарға бас ұрмауым,
Талқан боп, қақ жарылып жатсам дағы.
Болса да сан сынағы, сан жарысы
Ақынның шыдамдылық арда күші.
Себебі, кір шалмаған, дақ түспеген
Ақын деген – бір елдің ар-намысы!
Жанардан тамса дағы жастар қанша,
Алдымда алынбаған асқар қанша....
Елімнің ар-намысы боп өтермін,
Жерімнің кең құшағын жастанғанша!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу