Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  121


Автор: Жəнібек ƏЛИМАН

РУХ ЖЫРЫ

Баяғыда былғанған ғой мына əлем,
Мен əуелде сақ боп туғам бұла дем.
Ерлігіне дүр сілкінген дүр əлем.
Мен əуелде-ақ сақ сарбазы Шырақ ем!
Ей, есалаң, ессіз тобыр, нені ұқтың,
Дүниеге Күн боп, Ғұн боп келіппін.
Қас дұшпанын қара қанға тойдырып
Томиристей патша атанған көріктім.
Өлексе жеп, тығындаған өңешін,
Маңайыма қаптап кетті неге сұм?!
Есін жиған Европа емес пе ед
Көріп алғаш ер Еділдің елесін.
Содан бері түскені жоқ өр еңсем,
Тəңірімнің алқауы ғой көгерсем.
Өр еліммен бірге көрем не көрсем,
Өр еліммен бір көнерем көнерсем,
Тəңіріне ғайбат айтқан жалаң бұт,
Не жамандық көріп едің менен сен?..
 Ғапыл кетіп, ғайбат айтпан ғасырға,
Азат күннің бағы барда басымда.
Күлкі болмай тексіздер мен тасырға,
Ес жиғалы егестім де ұлтым деп
Ең соңында... рух боп тудым расында.
Есіңді жый, ей, есалаң, көр кеуде,
Бұл күйімді һақың бар ма көрмеуге?
Алла алдында аят оқып тұрамын
Жер бетінде ақырғы адам өлгенде.
Жер бетінде ақырғы ақын өлгенде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу