Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  83


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Жылқы жылы

Жылқы жылы,
Қамбар ата!
Сəлем саған,
Келдің бе, құтты қонақ, ел аңсаған.
Айғырдың сауырына сармай жағып,
Жалына,
Құйрығына
Өлең тағам.
Жылқының қылыменен нота сызып,
Əн шырқаңдар!
Той жасап,
Отау шығып.
Құлынына қулықтың ноқтаңды түй,
Жүдемесін жабағы сақау шығып.
Қарама?
Қара көк пе?
Саңлақ күрең?!
Тақымыма жаққанын таңдап мінем.
Шыңғыс ханның емеспін жасауылы,
Беу даланы қаншалық шаңдаттым мен.
Əбестікпен демеңдер ел шулатты,
Таң асырып алайын, жер-суға атты.
Алтын бесік алдияр!
Халқым саған,
Əлі бір еркелеуім кем сияқты.
Əділеттің жолында ерттеп атын,
Бабаларым бəй тіккен сертке басын.
Кісінесін Шалқұйрық, Тайбурылдар,
Тағы бір Құлагерің мерт болмасын.
Уақыт!
Сен не деген құдіретсің,
Жазың,
Күзің,
Қысың да
Суретшің.
Жылқы мінез ақынға жылылық бер,
Тұлпарыңның жалында ғұмыры өтсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу