Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  86


Автор: Азамат Тасқараұлы

Құзғын

Түн ғана мұңға мұңды қоса алады,
Сүзек жел соқыр тамды тасалады.
Қарайып құзғын отыр там үстінде,
Көзінен қан ағады,
Жас ағады.
Бұл сөзге әуре болма сеніп, құрбым,
Киесін алмағасын теріп қырдың.
Қазірдің өзінде де,
Мен дәруіш,
Құзғынның қызыл көзін көріп тұрмын.
Сарсылам,
Сабыр күтем,
Қасым қағам,
Құзғын кеп таратады шашын маған.
Сұлуға бірте-бірте айналады ол
Бір гүлі он екіде ашылмаған.
Жалбақтар жалғыз едім барын күндеп,
Ұяты, иманы мен арын білмек.
Сол сұлу мазалап жүр несін мені?
«Мен сенің құлыңмын...» деп,
«Жарыңмын!» деп.
Сен мейлің,
Сенбе мейлің, айтқаныма,
Тәңірдің мына сыйы байытқаны ма?
Неге мен сүйем осы қарағанды
Құстардың топ-топ болып
қайтқанына?!
Белгілі сол құзғыннан қашпағаным,
Ішімнен таусыламын,
Бос қаламын.
Әйел боп келеді әлі ол,
Қара да тұр,
Ұсынып у құйылған тостағанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу