Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  120


Автор: Азамат Тасқараұлы

Жусан қыз

Байсың қыр,
Бозінген жел,
Бөрте сағым,
Қайғысыз албырттықты
мен тұсадым.
Кермеден ерте айырылған
құлыншақ ем,
Алыстап кетті қазір ерке шағым.
Жусан Қыз,
Жауын күнде сырласып ек,
Жоқ іздеп жолға шықтым
бұрмасы көп.
Мендейді ақын дейді екен халық,
Өлеңі ойлы адамға бір қасірет.
Өкіріп алғым келіп тысқа барып,
Тістенем,
Жүрек-торға құс қамалып.
Өмірге әлсіз жерім белгілі екен,
Шашымнан жұлқылайды
ұстап алып.
Буазып, баспалды боп тыңған айдың,
Жүзіне немкетті боп бір қараймын.
...Дәл бүгін не болса да той мен үшін,
Жусан Қыз, ән айтпашы,
Тыңдамаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу