Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  71


Автор: Азамат Тасқараұлы

Бүркіт ананың жұмыртқасынан жаралған еркелекүн туралы сөз

Ыстық қанға толы ауыз,
Кеуде жүні салыңқы.
Қарабарқы сарыауыз,
Жауырыны шығыңқы.
Иықты кең аңғары,
Шалғасы ұзын қанатты.
Орқаш таудың самғары,
Он қат көкке тағы атты.
Боз өкпеге ептісің,
Шаңқыл-шаңқыл төк-ті құт.
Кеңсірігіңнің көк түсін
Таң деп білдім, көктүбіт.
Күннің жебе-жағысың,
Шегірбаян, саған шыжым ба
күзгі алап?!.
Тұмсығыңның сарысын
Сәске дедім, мұзбалақ.
Желпіп жаздың жарамды,
Жалғанға арттым қайта үміт.
Тұмсық ұшы қараңды
Түн деп білдім, майтүбіт.
Көк Тәңірі – Пері едім,
Он бөлтірік – Бөрі едім.
Бүркіт, Бөрі кіндіктес,
Ақ от, қара от тамырлас,
Аңыз көрген ер едім.
Көк Бөрім-ау, көк Бөрім,
Көк күмбезді Ақ Перім!
Ори-айдай, он Бөрім,
Пері кием Ақбозым!
Ағар, ақшаң, буырыл,
Бөрі біздің бабамыз.
Ауыл маңы аршалы-ай,
Аталық құс Саршам-ай,
Сарша құстың тұқымы,
Еркелекүн анамыз!
Ана серік – баршыным,
Ұятәңірі – шөгелім.
Ақжем қылын аршыдым,
Текті құсқа Бек едім.
Сарбөртпе мен сусоқта,
Толарсақ пен қансоқта,
Асың сенің текті еді.
Тұғырыңа бір тағзым
Күнгей құзар беттегі.
Көз алабың от, тегі,
Көз алабың от болса,
Балақ бауымды үз менің,
«Көкті тіліп жүз!..» дегің,
Бүркіт-Ана, көктегі!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу