Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  100


Автор: Мақсат Әлсейітов

Астана жырлары

1
Найзадай тіп-тік шаншылып,
көтерген екен көкке бой,
Қадалып өлсін ұшына өңмеңдеп келген өктем ой.
Сарыарқа төсін самсатып шеруге шықты сарайлар,
Қап-қара мысық тілеулер алдынан кесіп өтпегей!
Аумаған үлкен Айна ғой –
айдынды шалқар көшелер,
Алашым оған қарасын бейнесін көрем десе егер.
«Иншалла ісім оңалар, сиқырдың күші жоғалар».
(Айнама қарап бал аштым,
Жасаған Ием, кеше гөр!)
Көк аспан-сынды көк тудың
астында жортқан бөрі ұлдар,
Көзіңнің қарашығындай
Айнаңды сақтап, қорыңдар.
Ол болса сүрер өмір бар,
жоқ болса жүрер жолың тар,
Айнаңа қарап, бөрі ұлдар, өзіңе назар салыңдар!
...Отырар өлді өртеніп, денесін топырақ жасырды,
Он ғасыр өртін өшірдім селдетіп көзден жасымды.
Аш-Тархан кетті тірілей, Азаулы кетті өлілей,
Солардың келген орнына сақта деп мына
Жас ұлды,
Тәңірге еттім мінәжат сәждеге қойып басымды!
Астана болсын бұл шаһар әлемнің қыпшақтарына,
Мың жылдық ғапыл ұйқымнан оятсын –
ұқсап таңыма.
Мына бір зәулім үйлердей
қыпшақтар тауға айналсын,
Қыпшақтар тауға айналсын –
шашылған ұқсап тарыға!
Шеруге шыққан Сарайлар Есілдің бойын қаптаса,
Әмудің бойы үлгі алса, Еділдің бойы қостаса.
Найзадай тіп-тік шаншылып
жұлдызға жетіп тоқтаса,
Кеудемсоқ бұлттың кеудесін
шұрқ тесік етіп тастаса.
Сорғалап содан нұр ағып жанымды жуа бастаса,
Тазарып барлық кірбіңнен
сүрсем ғой өмір Патшаша!..
ІІ
Арғымақ мойын ақ шаһар, аққудай әсем сырбазым,
Аққуым сендей тұрғанда
өзгенің қайтем мың қазын?!
Меңіне бола бір қыздың бас тартқан егіз шаһардан,
Хафиздей делбе емеспін,
Бола алам Сенің құрбаның!
Әділдік, ақтық – қос қанат ұшатын елді көкке алып,
Ит пенен құсқа жем болар қанаты ондай жоқ халық.
Тілеймін саған қос қанат, тілеймін шабыт тағы да,
Шабыттан туған саз ғана жүректе қалар жатталып!
Шабыттан туған сұлу саз, төбеңде тұрсын қалықтап,
Басыңа тұрсын дарып бақ –
ұша бер көкте шарықтап!
Әділдік, ақтық – қанатым,
тілім мен ділім – шабытым,
Төртеуім түгел болғанда басыма қонар анық бақ!
Арғымақ мойын ақ шаһар,
жалыңа жат қол салдырма,
Қанатыңды қағып қарғып өт,
бар болса орлар алдыңда!
Айналып ғажап пыраққа алып бар алыс, жыраққа,
Арғымақ мойын Ақ Шаһар,
сен мені жолда қалдырма!
ІІІ
Сарыарқа – сары орамал бетіне кесте-нақыш сап,
Кетейін Сабыр ағамша Жалғызға оны табыстап.
Кестемді менің кірлетпе, жүрегіңе басып құрметте,
Бабалар салған ізбенен ортаңнан кетсем алыстап.
Кестемді менің кірлетпе, ұстама кірлі қолменен,
Жүрегім менің бар онда – қорлыққа, әсте, көнбеген!
Орныма келер Досым-ай, аманат етем осылай,
Кезегім келіп жөнелсем бабалар кеткен жолменен.
Көзімнің жасы бар онда,
бабамның барлық бар мұңы,
Мына бір жерде сөйлеп тұр
халқымның ауыр тағдыры.
Мың жылдық тартқан қасіреті,
ұрпаққа айтар өсиеті,
Жиылып келіп солардың –
кестеме сыйды барлығы!
Сарыарқа – сары орамал, бетіне кесте өрнектеп,
Көзімнің майын тауыстым Өзіңе ғана бермек боп.
Өзгенің көріп шыжбайын
жоғалып кетпе ізім-ғайым,
Кестемді салдым өрнектеп,
құс болып ұшып тез жет тек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу