Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  177


Автор: Мақсат Әлсейітов

Жарқырай бер, асыл аға, алтындай

(Молдахмет Қаназға)
Қаламыңды таң тұрына малдың да,
Жүрегіме жол бермедің қалғуға!
Жалтармадың,
Жалған сөйлеп көрмедің,
Ақ жайнамаз – ақ парақтың алдында.
Күннің нұры – қаламыңның сиясы,
Шыққан тегің – хас батырдың ұясы.
Көрінгенді иығына қондырмас,
Ұшқан көгің – мұзарт шыңның қиясы!
Қайта оралды нұрлы сияң арқылы,
Хас батырдың қылышының жарқылы.
Сол қылышты Айға апарып ілсем деп,
Жаратқанға жалбарынам әр күні.
Қаламыңнан сөз ақпады, нұр ақты,
Ер Жәкеңнің екпініндей қуатты.
Сіміреді сусап қалған жүрегім,
Сол қаламнан тамшылаған шуақты!
Үндес едің Сырдың сұлу үнімен,
Тілдесесің жүректердің мұңымен.
Шындық ағып жатады ылғи,
Сіз жазған
Толқын-толқын сөйлемдердің түбінен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу