Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  122


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Періште көңіл...

Періште көңіл,
Ниетім – мөлдір,
Ол да анық,
Аяулым, сені, ойлаймын кейде,
Толғанып,
Аңсатқан арман…
Ол да бір жалған сияқты,
Бақыт па,
Сор ма:
Ақынға ғашық болғаның?!
Таусылып тағат,
Телміре қарап төзімге,
Күндерді санап,
Талды ма, жаным, көзің де?
Жанартау дүмпіп,
Жүректе жасын ойнаса –
Сезімге сойқан ие емеспін ғой,
Өзім де?!
Аяғын қымтай алмаса-дағы көрпесі,
Ақын дегенің –
Елінің есті еркесі.
Сол елдің сен бір бөлшегі –
Қызы едің ғой,
Өртесең-дағы…
Пəк сезім болып өртеші!
Құдiрет ақын отырған кезде жыр жазып,
Көрсетпес бірақ,
Ешқашан қылық ұр да жық.
Мінезі өрттей,
Əр сөзі серттей болғанмен,
Түсінсең етті…
Жүрегі оның тым нəзік!..
Өзгеден ерек болған соң-дағы талғамы,
Түсінген соң да,
Əр сөздің сара салмағын,
Өксиді ақын,
Қуана беріп… мұң жұтып,
Аяма бірақ,
Аяла,
Суып қалмағын!
Сүюді өрт боп,
Күюді дерт боп түсінген,
Шайырдың сөзі қай кезде болсын күшінде.
Алапат сезім,
Темірдей төзім қажет-ақ,
Жырына ұйып,
Ақынды сүю үшін де!
Өмірдің көші шаттықтан ғана тұра ма,
Шаршауың анық,
Тек көздің жасын бұлама!
Ақынның жаны өзіңді көрген биіктен,
Құлама, күнім,
Ешқашан-дағы құлама!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу