Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  136


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Атады таң да...

Атады таң да,
Жатады таң да жылыстап,
Өмірдің өзін қауындай тіліп,
Қылыштап.
Батады күн де,
Жатады күн де жылыстап,
Ал сүю деген –
Қуысу емес,
Суысу емес – сезімнің туын тік ұстап,
Сүюдің заңы – ұғыспақ!
Жетеді кеш те,
Өтеді кеш те жылыстап,
Сыйластық қана,
Қимастық қана – тыныш бақ.
Етегі күлдей,
Кетеді түн де жылыстап,
Тіршілік деген –
Күндіз де түні,
Қарақан бастың күнкөрісі үшін тырыспақ.
Келеді ай-жыл,
Желеді ай-жыл жылыстап,
Жарық пен тамұқ арасында аз-кем тыныстап.
Таяды əрі,
Бітеді бəрі жылыстап,
Ал өмір деген –
Осының бəрін түсіну ғана…
Дұрыстап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу