Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  98


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Əй, өмiр-ай…

Əй, өмiр-ай,
Сырғисың-ау сынаптай,
Бiрақ саған не болғанда – бəрi бiр:
Бiреу өтер нақ сүйерiн ұнатпай,
Бiреу өтпек ешкiмдi де шыдатпай.
Əй, өмiр-ай,
Мүлде толас таппайсың,
Бiрақ саған не болғанда – бəрi бiр:
Досы қайсы,
Туыс қайсы,
Жат қайсы,
Қуаныш не,
Мейлi, бастан бақ тайсын.
Əй, өмiр-ай,
Сезiлмеген ағысың,
Бiрақ саған не болғанда – бəрi бiр:
Таласқандар байлық үшiн,
Тақ үшiн,
Көмегiң жоқ,
Қастығың жоқ – тағы шын.
Əй, өмiр-ай,
Қарамайсың бұрылып,
Бiрақ саған не болғанда – бəрi бiр:
Бiреу – самғап,
Бiреу жатыр сүрiнiп,
Бiр ел тонап,
Бiр жұрт жатыр қырылып.
Əй, өмiр-ай,
Əй, өмiр-ай…
Кiлең iз,
Сонда-дағы сенде өмiр сүремiз.
Бəрiмiз де өтерiңдi бiлемiз,
Тек ешқашан өтпейтiндей жүремiз…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу