Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  82


Тұрсынбек Кешубайұлы

Қалекеңе

Қазақ десе кең жайған ақ қанатын,
Сара жол ізгілікке ап баратын.
Шетел асқан қандасың арқаланып,
Қалеке, атыңды атап мақтанатын.
Намысын қиыр жайлап жатқан елдің,
Келмейтін ед ешқашан жатқа бергің.
Шет жұрттағы ағайын азды ма деп,
Сол үрейді санаңа жаттап едің.
Арыңызға көп артыпсыз сан арман,
Оған куə жібек шашың ағарған.
Қауымдастық қазығы да ең алғаш,
Сіздің батыл қолыңызбен қадалған.
Мейір есіп қазақтың даласында,
Бір сенім жетелейтін дара шыңға.
Қандасым деп тартушы ең бауырыңа,
Қазақтың құласын да, аласында.
Қазақ түгіл, танымал жатқа да атың,
Бірлік семсер сізбенен сапталатын.
“Жақсының өзі өлсе де сөзі өлмейді”,
Мəңгі жасар ұрпақпен хаттағы атың.
Еңбегіңнің теңеу жоқ бағасына,
Қамқор болған қазақтың баласына.
Мейіріңді аңсайды қандас бауыр,
Бұлт мініп кеп, жаңбыр боп тамасың ба?
Тұлпар ең, шешпес ерін, тағасын да,
Жыр арнадым “Əумин!” деп ақ асыңда.
Бір мейірге қандастар тамсанады,
Тəуекел, дəрия болып ағасың ба?
Жатқан жерің қашанда жаннат болсын,
Алтын тұлға қазақтың санасында...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу