Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  65


Автор: Аршын Нұрбақытұлы

Айқасқа

Саумал жел тарап күлте жалынды,
Басушы ең абат алшаңдай.
Таң құлаушы еді қырқадан нұрлы,
Күндерім қайда дəл сондай.
Бабамның бағзы асылы қалған,
Сенде өткен еді бар қызық.
Жалыңнан күміс шашылып арман,
Шашаңды жуған таңғы шық.
Жұлдыздай ағып сайын даладан,
Таулардан анау жиі өткен.
Бəсірем едің тайыңда маған,
Жарықтық əкем сый еткен.
Қошаушы едік таулардан гүлді,
Жолдарды алыс қашатын.
Маңдайыңдағы айқасқаң нұрлы,
Түндерге сəуле шашатын.
Табиғат онда күліп тұратын,
Тарпаңым қайда кешегі.
Жасын атқанда құрыш тұяғың,
Аспанның жауған нөсері.
Мимырт тірліктің түнегін бұзып,
Айналып кеттің сағымға
Ұры алып кетті шідеріңді үзіп,
Бестіге толар шағыңда.
Айқасқа шабыс мың жылды оятқан,
Айқасқа күндер енді аңыз.
Аспаннан анау жұлдыздай аққан,
Айқасқам қайран жел қобыз!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу