Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  117


Автор: Ерлан Нұрдықанұлы

Сан ғасырлық сағыныш

Ақ қағазға төгіп өтсе бұлт – қайғым,
Мен ойлаймын сонау бекзат жұрт жайлы...
Таң сəріде бір бұлаққа еңкейіп,
Түннің иісі сіңген судан ұрттаймын.
Түннің иісі сіңген судың бояуы...
О, Тəңірім!
Ол – мезгілдің қаяуы.
Сан ғасырды сағынамын, қалайда –
Қаламаймын мен ешкімнің аяуын.
Ұлы тарих!
Ертегіге енерде –
Кетті айналып көзге симас көлемге.
Тағы да сол тасқа айналған тағылым...
Тас бетінде тамыр жайған өлеңдер...
Күннің алтын омырауынан нұр жұтқан,
Сол сахара...
Сол тəкаппар тірлік – таң!
Көшпенділер көк пен жерге сыр айтып,
Сырдың суын сыбызғыдан сырғытқан.
Зарығыңның дəруі сол,
іш інім!
Мөлдіретіп құйып берем құс үнін...
Көкжал тарих көз жасымен орнатқан,
Көзімдегі көкбөрінің мүсінін.
Сол мүсіннің жанарына жазарым –
Бабалардың махаббаты...
Мазары...
Ұлы дала – ұлт рухының бесігі,
Маған қымбат сені сүю азабы.
Жанарына мың сағыныш жасырған,
Менің рухым – тамыр тартқан тасыңда...
Алтын іздер жетелейді,
Адаспан!
Туылсам да тым қараңғы ғасырда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу