Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  130


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Әкеге арнау

Жан өмірге өзің едің жетелеген
Өмір қайда сүйресе кете берем.
Қиянаттың дәл езі сол болады,
Жан әкенің борышын өтемеген.
Ел байрағын көтеріп биік көкке,
Зор үмітпен қараймын келешекке.
«Жездедей әке сыйы» – дейді халық,
Ұлдарың осылайша демесек те.
Мол әке, пайымдау мен түсінігің,
Өзің жайлы міне осы түсінігім.
Баласының жан сырын түсінбейтін,
Қайтерсің кейбір жанның кісілігін.
Басыңнан әке сезді асырмадың,
Осы болды өзіңе бас ұрғаным.
Жайып салдың сырыңды, сырласқанда,
Менен бүгіп еш нәрсе жасырмадың.
Рахмет, Әке маған сенгеніңе,
Балаңды сезімменен жеңгеніңе.
Мен ризамын сезімді түсінетін,
Жігіт болып өмірге келгеніме.
Көп жыл жүрдім сезім мен сырды сақтап,
Керегі не жандарды кезге мақтап.
Мен тағдырға басымды иер едім,
Шықсам егер әкелік сенімді ақтап,
Көп нәрсені жүрмін ғой ішке сақтап.
Жасымнан сайран салып, желікпедім,
Өзіңе, өнеріңе еліктедім.
Тұрлауы жоқ осынау тұл өмірге,
Надан болып жүруге келіп пе едім.
Өмірдің басып өтіп қия белін,
Он алты ұлдан қалған бір тұяқ едің.
Кезі келсе өзіңе сыйға тартар,
Келеді маржан өлең жия бергім.
Жан әке бізді ойлап күйесің бе?!
Көңілге ғажап ойлар түйесің бе?!
өзіңе сырымды айтқан соңғы сәттер,
Түседі жабыққанда жиі есіме.
Шалдығып қалсам керек біле алмадым,
Алабұртқан пәк сезім киесіне
Сезімді сезінуден арылғанда,
Ұқсайды кең тынысым тарылғанға.
Сезімнің пернесінен күй енеді,
Жүрек шіркін дүрсілдеп әр ұрғанда.
Жалғыз қалсам, жолдасым қалам болып,
Жүрсің бе әке ұлыңа алаң болып.
Түсінбесем жаныңды жабыққанда,
Несіне туылғанмын балаң болып.
Көңіл шерін кей кезде ағытқанда,
Қуат береді сөздерің жабыққанда.
Жүрегінде ұлыңның арай шашқан,
Әке сені ұқсатам жарық таңға
Жоғары жансыз, әке, қасиетің
Ұлың бар қадіріңе бас иетін
Болмашыға қапа боп қалған кезде
Жанарына мен емес жас үйетін
Ұлылардың мойындап ұлылығын
Қасиетім бар, әке, бас иетін
Сырт көзге көрінгенмен балалығым
Ойымда өрістейді саналы ұғым
Мына жалған өмірде, жабыққанда
Қуат беріп келеді даналығың
Ой түбіне кім жеткен, о жалған-ай
Дей алмаймын өзіңнен саналымын
Өзіңе айтар міне осы жаңалығым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу