Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  123


Автор: Бекен Әбдіразақов

Қаншама күн!

Қаншама күн!
Жарық дүние сөнгелі!
Бүріп ұстап жатыр тағдыр шеңгелі.
Қаншама күн!
Саңылаудағы сәуледен
Көз қарытып күн шығар деп сенгелі!
Қаншама күн! Өлі-тірі арасы,
Кезек алып жанымның да жарасы,
Шала-жансар, шаты-бұты күн кешем,
Өшіп-жанып, жүрегімнің санасы!
Қаншама күн!
Дауылдағы желкендей
Көк толқынның ырқына еш мен көнбей,
Қалт-құлт етіп қарманып-ақ келемін,
Толқын жұтпай, жай отына өртенбей!
Қаншама күн!
Жардың жүзін ұмыттым,
Көз алдымда ай-жұлдызсыз тымық түн!
Түсімде де дарды жыға танымай,
Күні шығып көрген емес үміттің.
Қаншама күн! Алатаудың шың-басын,
Алматымда тіршіліктің туласын,
Көкірегім күзіменен елес қып,
Құлағымда күмбірлетіп дуласын!
Қаншама күн!
Табанымда топырақ,
Айналмады бұйра шаңға қоқырап!
Адуындап астанамда аспандап,
Шалқақ болар адымың да шоқырақ!
Қаншама күн!
Жаутаң-жаутаң жанарым,
Жақсылықтың күтеді кеп хабарын...
Жарық дүние, ұмыттың ба, лағынет,
Қор болды ғой саған ғашық адамың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу