Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  97


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жалбыр жапырақ...

Жалбыр жапырақ,
Көк түн.
Шалғын мамық.
Аспан – шатыр шұрқ тесік.
Мас күйінде тыныстайды атырап.
Біз де маспыз.
Тербетеді қырық бесік.
Жел күрсінді.
Сен күрсіндің,
Күрсіндім.
Бір дабылы шалынғандай дүрсілдің
Жер күрсінді.
Мен күрсіндім.
Күрсіндің.
Екеумізден өзге мұны білсін кім?..
Естілгендей дабылы бір дүрсілдің.
Махаббаттың жеңгетайы – тылсым түн,
Өзің неге күрсіндің?
Көк түн
Жалбыр жапырақ.
Шалғын мамық.
Аспан шатыр шұрқ тесік,
Жайраң-жайраң тыныстайды атырап,
Біз жатырмыз.
Тербетпейді қырық бесік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу