Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  88


Автор: Бекен Әбдіразақов

Тоқаш та өтті дүниеден...

Тоқаш та өтті дүниеден,
Айырылды өлең бір иеден.
Айырылдым мен де ағадан,
Аспандай күзгі күңіренем.
Қырттарға тиіп қырғидай,
Өмірді сүйді бір қимай.
Қайтпаған жүрек тау-тастан,
Жатпақшы қалай жыр құймай?
Сенбеймін, неге сенемін?
Дұғадай жаттап өлеңін,
Бейнесін күнде көремін,
Табамын жанның мен емін.
Жымиып мәйін күлгені,
Сілеусін сақтық жүргені,
Жасындай оқыс жарқ етіп,
Ұмытылмас сөзбен тілгені.
Дүниеден өтті-ау Тоқаң да,
Шапқандай қасқыр қотанға,
Аңырайып қалдым жап-жалғыз
Қайрат жоқ ажал-топанға,
Жылжиды мұңым жотамда...
Дүние-ай, жоқ-ау опаң да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу