Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  83


Автор: Бекен Әбдіразақов

Кей-кейде көгім ашылып...

Кей-кейде көгім ашылып,
Шабытым шырақ жаққанда,
Жұлдыздай өлең шашылып,
Көз ілмес жүрек ақ таңға.
Моншақтай мөлдір тізіліп,
Арудың алма мойнына
Ілетін сәтте үзіліп,
Төгілер арман қойныңа.
Бір-бірлеп қайта теремін,
Сараңнан бетер сарылып,
Табылмай таза керегім,
Кетеді әлем тарылып.
Ұстатпай жанды әурелеп,
Сиқырдай сансыз құлпырып,
Бір өшіп, бірде сәулелеп,
Қатады сілем ұмтылып!
Әуелеп жүріп таң атып,
Қанатым талып жығылам.
Топшысын қиял қанатып,
Күйімді үнсіз ұғынам.
Қауырсын арман көпшігі
Темірге қайта ауысар,
Баянсыз жалған өксігі
Жаныммен қайта қауышар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу