29.05.2022
  136


Автор: Ескен Елубаев

АЛШЫ

Ақ кимешек басында,
Ақ ниеттi сөзi де.
Аппақ едi шашы да,
Ақ қағаздай өзi де.
Əжем бiзге жекiрiп,
Көрмептi ғой əлiге.
Пияздай боп отырып,
Шертетұғын əңгiме.
Ыңғай маған жақтасып,
Арашаға түседi.


Ұрысса жұртпен даттасып,
Жаны күйiп-пiседi,
Əжем күллi адамды
Мүсiркейтiн жаны ашып.
Кейде сұрап сақамды
Отырады бал ашып.
– Менiң күнiм, жарқыным,
Сүре ме өмiр бақытты?
Өстiп өзi əр күнi
Өткiзедi уақытты.
– Болар ма екен қарағым
Шалқып жатқан дəулеттi.
Алды болып баланың
Абыройлы, əулеттi.
Алшы тұрсаң, асылым
Бақытты өмiр сүредi...
Алшы тұрса асығым,
Нұрланады, күледi.
Шаттанады нұр шашып,
Сəуле ойнайды көзiнде,
«Ыңғай алшы тұрсашы», –
Деп тiлеймiн өзiм де.
Тұрсың ылғи дедiм де
Алшыға əуес болғасын,
Тəйке жағын тестiм де,
Құйып қойдым қорғасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу