Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  222


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Күреңтекті қыз

Мөлдір сезім дірілдеп кіл,
Құлақ түрдім тірі үнге:
Ай сәулесі күбірлеп тұр
Тылсым түннің тілінде.
Жер бетіне тұман тұтып,
Шаршатып ед күз демі.
Тәңірім өзі нұр аңқытып,
Көркем бейне түзгені...
Жетіп жатыр өзгеруге –
Жалғыз-ақ түн, бір-ақ түн.
Жаралған соң көз көруге,
Сені көріп жылаппын.
Жылатар-ау мың еркекті
Жалқыланған керім өң.
Неткен жансың – күреңтекті,
Туғандайсың періден...
Жанарымды жасқа шылап,
Жүрек-құсым шырлайды.
Бұл – дүниеден басқа сынақ,
Мұңнан бөлек бұл – қайғы.
Бұрын маған жолығыспай,
Мекендепсің күз елін.
Пендешіктің қолы қысқа-ай,
Үміт-тамшы – үзерім...
Күреңтекті қыз едің!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу