Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  102


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Жол соққан

Ай, сондағы қасқа жолдың сүркілі-ай,
Жылдар өтті-ау тарпаңтекті жылқыдай.
Төздім талай шайқауына тағдырдың,
Жалғыз ғана жарылқаушым – бір Құдай.
Бәңгі-мас боп қаншама рет мәңгірдім,
Қаңғыбас боп соншама рет қаңғырдым.
Мен жолды емес, таңдады ғой жол мені,
Ар жағынан атой салып сан қырдың.
Солай өмір сүріп келдік бұрмалы,
Тең-құрбымен құрып көрдік құрманы.
Жастық деген – буырқанған буыршын,
Бұрқ-сарқ етіп дәурен баста тұрмады.
Аңдап қадам баспағанмын жолда аса,
Шаршайды аяқ, жүрер жүрек болмаса.
Жоқ іздедім, жолаушылап шықпадым,
Жолда тудым, жолда өлемін сорласа.
Шеккен азап қалсын жолдың шетінде,
Қалсын жырым, қалсын ізім бетінде.
Бүгін, міне, бүлкілдеген жол айдап,
Келіп тұрмын күз дейтұғын жетімге...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу